Бүгінде Түркістан облысында тұратын 2 миллионға жуық халыққа 30 ауруханалық ұйым, санаторийлер мен жедел медициналық көмек станциясы қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, өңірде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық учаскелердің  жалпы саны — 1119, оның 783-і жалпы практика дәрігерлерінің учаскелері, 127 — терапевтік, 209 — педиатриялық. Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы медицина саласы өзге өңірлермен салыстырмалы түрде алғанда біршама ілгері дамып келеді.

«2018 жылы Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульттік орталық ашылып, облыстық бюджет есебінен 1 млрд теңгеге 3 компютерлік томограф сатып алынды. Клиникалық-диагностикалық зертхана қызметтерінің сапасын жақсарту, құрал-жабдықты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды, кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану үшін Леңгір және Кентау қалаларында емханалар мен ауруханалардың зертханалары орталықтандырылды. Жедел медициналық көмек қызметінде «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді. Барлық машиналар GPS навигациямен қамтамасыз етілген», — деді басқарма басшысы.

  • Медицина саласындағы қызмет сапасының жақсаруы оң нәтиже бере бастаған.
  • Мәселен, 2018 жылы ана өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 35,6 пайызға, нәресте өлім-жітім 9,5 пайызға төмендеді. Ал, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 6,8 пайызға, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 9,4 пайызға азайды.
  • Сондай-ақ, туберкулезден көз жұмғандар 20 пайызға кеміді. Айта кетейік, облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқалы, емханалар жетіспеушілігі сезілуде. Осыған орай алдағы уақытта 1 ауысымда 500 емделушіге қызмет көрсететін қалалық емхана салу жоспарлануда.
  • Одан бөлек, Түркістан қаласында жедел жәрдем стансасы Түркістан облысының халқына қызмет атқаруына байланысты, заманауи ғимарат, CALL-орталығы, автотұрақтары қажет етеді. Осыған байланысты, Түркістан қаласында 500 мың шақыртуға арналған Облыстық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының құрылысы жоспарлануда.