2 мамыр күні Талдықорған қаласындағы Облыстық балалар ауруханасына Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының  білікті хирургы Хаиров Константин Эдуардұлы республикалық санитарлық авиация әуе жолы — тік ұшақ  арқылы жедел түрде аттанып, сарыауру, өт жолдарының асқынған эхинококкозы диагнозымен жатқан 13 жастағы балаға күрделі ота жасады.

         Операцияның бірегейлігі өт жолдарындағы эхинококк паразиттерін оқшаулаудың сиректігі болып табылады. Әлемдік деректерге сүйенсек,  осы оқшаулаудың кездесу жиілігі біріншілікті эхинококкоздар арасында 0,13-0,48%-ды құрайды. Науқастың өт жолын паразиттің хитинді қабықшалары бітеген еді, жағдайдың күрделілігіне қарамастан өт жолдары және бауырдағы эхинококкозды алу операциясы сәтті өтті.

         Өт жолдарының күрделі эхинококкозды ауруы шет елдерде жиі кездессе, Қазақстанда мұндай патологияға шалдығу жағдайы өте сирек кездеседі.   Отаның да ерекшелігі осында, сирек жасалатын ауыр да күрделі ота болып саналады. Мұндай күрделі операция аймақтарда жасалмайды.

         Айта кетейік, ауыр да күрделі операцияға облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігерлері де қатысты. Білікті де жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Педиатрия орталығының хирургия бойынша директор орынбасары К.Хаиров қиын отаны жасай отырып, аймақтық дәрігерлерге тәжірибесімен бөлісті.

Облыстық аурухананың басшылары ауыр отаны жасап, баланың өмірін сақтап қалуда көрсеткен көмегі үшін Константин Эдуардұлына үлкен алғыстарын білдірді.

 

 «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» баспасөз қызметі
8 (727) 269 69 52