Өкінішке орай, жыл сайынғы статистикаға үңілетін болсақ, «Кох таяқшалары» қоздыратын аурудың бұл түрі әлі де дендеп тұр. 2017 жылдың басында Астана бойынша 931 адам дәрігерлердің диспансерлік есебінде тіркелген. Бұл ретте соңғы 10 жылда елордада құрт ауруына шалдығу көрсеткіші 4 есе, өлім-жітім 6,8 есе төмендегенін айта кеткен жөн.

24 наурыз күні жыл сайын әлем елдерінде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аталып өтеді. Іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған. Биылғы науқан «Туберкулезден азат әлемнің көшбасшыларына іздеу саламыз! Тарихты жасауға үлес қос. Туберкулезге жол жоқ» (Wanted: Leadersfor a TB-FreeWorld. Youcanmakehistory. End TB) ұранымен өткізіледі.

Бүгінде туберкулез қоғам үшін таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр.  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халықты дер кезінде бақылау мен скринингтен өтуге шақырады. Статистикаға сүйенетін болсақ, тұрғындардың басым көпшілігі дәрігердің көмегіне дертті жұқтырғаннан кейін ғана барып жүгінеді.

— Қазақстанда пациенттердің 70 проценті — ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келгендер. Шын мәнінде індеттің өршуіне тойтарыс беруге болады. Туберкулездің медициналық алдын алудың негізі – емханаларда тұрақты тексерілуден өту. Қазақстандықтар бұл қызметтерді тегін пайдалана алады және олардың барлығы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді – деді Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Адам өмірінің бірнеше сатысында індеттің алдын алу мақсатында тегін медициналық қызмет түрлері жүргізіледі. Нәрестелер туғаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде БЦЖ екпесін алады. 7 және 14 жаста вакцина қайта егіледі. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Ал, ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скрининг жасап тұрады. Дәрігердің тағайындауы бойынша өкпені рентгенге тегін түсіреді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде терапевтке қаралып, профилактикалық тексеруден өту де қарастырылған.

Ауруды емдегеннен көрі, оның алдын алу әлдеқайда жеңіл екендігін білу шарт. Сондықтан ӘМСҚ сақтандыру шараларына баса назар аударады. Биыл дерттің осы түріне шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 млрд теңге бөлінді.

— Қордың қаржылық орнықтылығын арттыру мақсатында алдын алу шараларына қажетті қымбат тұратын шұғыл стационарлық көмекті қайта бағдарлау қажет. Пациенттерді алдын алу шараларының тиімділігі және оны қабылдау мүмкіндіктері туралы ақпараттандыруымыз керек. Біздің мақсатымыз – әрбір адамның өз денсаулығын күтуге дағдылануын қалыптастыру. Бұл пациенттің жүріс-тұрысын пассивті реципиенттен өз денсаулығына бей-жай қарамайтындай бағытқа өзгертеді —  деді Нұрлыбек Қабдықапаров.